Мопассанша өмір

 

Мопассанның шығармашылығымен таныстығым "Өмір" романынан басталды. Сонымен, оқығанымнан түйгенім:

Ол өмірден не күтті? Жалпы бәріміз өмірден не күтеміз? Өмірдің мәні неде?...

Арман, үміт адамды алға жетелейді. Бірақ құр арманмен өмір сүруге де болмайды ғой. Жанна соны ұға алмаған тәрізді. Ол өмірден, оның тыныс-тіршілігінен бейхабар болып өтті. Оған түсіндірер жан да болмады. Ол өмір бойы сол бір 17 жасар қыздың ойымен ғұмыр кешті. Дәл сондай бейкүнә, пәк сезім, арман. Бәлкім, арманның арман болып қалуы да дұрыс шығар?...

Ия, мүмкін, мен де дәл солай ойлауым керек шығар. Өмір маған үлкен сый дайындап қойды. Енді „өскесін„ соны өзіме кеп, табыстайды. Сосын бәрі де ойымдағыдай керемет бола кетеді. Құлай сүйген адамымның жары атанып, соңғы демім қалғанға дейін ол маған адал жардын ролін ойнап өтеді. Ия, ойнайды. Идеал жанұяның өмірін көз алдыма елестеткім келмейді. Өмірде бір ғана әйелге тоқталып қалған еркек жоқ. Жай ғана, бірі көрмегендей болып жүретін әйелдер мен екіншісі, ондай өмірге төзуге шамасы жетпейтін әйелдер болып бөлінетін екі топтың біріне кірем. Бірақ, ең бастысы адамдық кейіптен арылмасам екен деймін. Құралай Омардың сөзі есіме түсіп отыр: „Өмір дегенің, ойыңда ғана сүйкімді„. Шынымен де, өмір біз ойлағандай емес. Ақ пен қара, қара мен ақ.

Бойымда бас кейіпкерге аяныш сезімі жоқ. Себебі ол ештеңені өзгертуге ұмтылған жоқ. Тағдырға өз өмірін басқаруға орын берді де, өзі тамашалап отырды. Өмірі құр босқа өтті десем де болар. Мүмкін, бақытты әже де болып кетер. Егер жазушы хэппи эндпен аяқтаса.

Адамды түңілдіріп, бүкіл тәтті ойыңды өзгертер шығарма деп те айта алмаспын. Меніңше, дәл осындай романдар адамның иммунитетін қалыптастырады. Өмірдегі әрбір сәтсіздікке іштей дайындайды.

30 августа, 19:10
660

Кәмелетке толмаған балалар арасындағы суицидке қоғам жауапты

Имейте мужество жить. Умереть-то любой может
Роберт Коди

Суицид. Кейінгі кездері өз-өзіне қол жұмсау жиілеп кетті, әсіресе өмір есігін жаңа ашып, қызығы мен шыжығына енді ғана кірісіп келе жатқан жасөспірімдер арасындағы суицид белең алып барады. Латын тілінен аударғанда бұл сөз «өзіңді-өзің өлтіру» деген мағынаны білдіреді. Термин XVII ғасырда пайда болып, XVIII ғасырдың ортасына дейін қолданылмай келген. XX ғасырдан бастап «суицидология» термині қолданысқа енгізілді. Алайда адамдардың өзін-өзі өлтіруі ерте кезден-ақ басталған. Мәселен әлемге демократия берген ежелгі Грекияда өз еркімен өмірмен қоштасу тек кей жағдайда рұқсат етілді. Бұл әдісті заң өлімге үкім кескен адамға ғана таңдай алатын болған. Афины мен Фивада биліктің рұқсатынсыз өз-өзіне қол жұмсаған адамның қолы кесіліп, бөлек жерленетін болыпты.

Психологтардың айтуынша, адамның өз-өзіне қол жұмсауының себептері әр түрлі. Ол көбіне жанұя жағдайы, оның ішінде толық емес жанұя, жанұяның ішіндегі психологиялық факторлардың, ата-ана мен бала, ата-аналардың өзара түсініспеушіліктері материалдық қанағатсыздық, т.б. Күніне әлемде 3000 адам өз-өзіне қол жұмсайды екен.

Қазір әлем бойынша суицид 3 есеге артқан. Мұның себебі неде? Жасөпірімдер арасындағы суицид күннен-күнге артып барады. Және мұндайға баратын жастардың жасы — 14-17 жас аралығы. Бүгінде іні-сіңлілеріміз қиын жағдайдан шығудың «оңай жолын» таңдағысы келеді. Өз-өзіне қол жұмсаған адам ертеңгі өмірін ойламайды, бір проблеманың шекарасынан шыға алмай қалады да, осымен бәрі бітті деп ойлайды. Және дәл сондай күйде оған көмек көрсетер жанашыр адам табылмайды. Психологтар жалақының аздығынан сеңделіп жүреді, ал ата-ана тіршілік қамын ойлап, күндіз-түні жұмыста болады. Меніңше, бүгінгі буынның әлсіз болуына тек қана ата-ана, тек қана мектеп емес, оған тұтас қоғам кінәлі.

Назар аударатын жайт, өмірмен қоштасқысы келетін жасөспірімдер 1994 жылы туылған қыз-балалардан басталады. Мәселен, менің құрдастарымның арасында мұнда жағдайлар сирек кездесетін. Тіпті, бетін аулақ қылсын, естімеппін де. Қаншама проблема, материалдық жетіспеушілік болғанымен, біздер өлім туралы ойламайтынбыз. Ұмытпасам, 6-сыныпта оқып жүрген кезімде менен 5 жас үлкен қыз өз-өзіне қол жұмсады. Үлкен шу болды. Ата-ана мектептен көрді, мектеп ата-анадан көрді. Қазақ жарасын жасырған ел ғой, жабулы қазан жабулы күйінде қалды да, мектепте оқушыларға суицидтің қандай жағдай болмасын, дұрыс емес екендігін түсіндіріп, әңгімелескен адам болмады. Жалпы, адам өз басына күн туғанда ғана ойланатындай көрінеді.

Көктем. Айналаның құлпырып, соған сәйкес қыз-келіншектердің де құлпырып шығатын мезгілі ғой! Жасыл шығып, сезім бүршіктері бүр жарған уақыттың суицидке «қолайлы» мезгілі екені белгілі. Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсайтындары өжет, батыр, жаужүрек емес, оларға шын мәнінде көмек қажет. Қоғамның көмегі қажет.



2 марта, 19:47
1114

Қазақстандағы балалар әдебиеті және оқулықтар мәселесі

Математика оқулығы 2-сыныпқа емес, 2 сыныпқа арналған екен...

Алматы қаласының ірі кітап дүкенінде қазақ тіліндегі балалар әдебиетін іздеп тұрған жарты сағат уақытымда дүкенге 5-6 ата-ана мектеп, балабақшадағы баласына кітап іздеп келді. Барлығы да сатушыға оқулықтарды еш жерден таппай жүргенін айтып түсіндіруде. Баласын ана тілінде оқытқысы келген ата-ананың кітап таба алмай, барлық дүкендерді аралап, шарқ ұрғанын көріп, орыс мектебіне оқытуға бере салмағанына іштей риза болдым.

Бір жағынан, 2009 жылғы көрсеткіштер бойынша әлемдегі қағаз өндірісі нарығының 54%-ын құрайтын Қытаймен көршілестік біздің отандық баспаларымыздың жағдайын әлдеқайда жеңілдетер күнге де жеттік пе деп ойлайсың. Онымен олай емес екен, жеке фирмалардың өз каталогтарын түрлі-түсті жалтырақ қағаздан басып шығарып, көшелерде тегін таратуға мүмкіндігі бар да, ал азат еліміз балабақша, мектеп балаларын оқулықтармен толықтай қамтамасыз ете алмайды екен.

 

Қазіргі өлшеммен алғанда, Кеңес үкіметі кезіндегі қазақстандық авторлардың шығармаларының басылып шыққандағы таралымын айтсақ, адам нанғысыз. Қазақстанды өз уысында ұстаған тоталитарлық мемлекеттің кезінде үкімет оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, қазақ ертегі, эпостарын, көркем әдебиет туындыларын миллиондаған таралыммен басып шығарған. 80-ші жылдардың бас кезінде «Жазушы» баспасынан жарық көрген үштомдық жинаққа әңгімелер мен ертегілер, повестер енді. Авторы – сол кездегі танымал әрі көп оқылатын балалар жазушыларының бірі Максим Дмитриевич Зверев. Оның осыдан 14 жыл бұрын жазған туған жер табиғатына арналған шығармалары күні кеше жазылғанға ұқсайды. Алайда қазіргі балалар Бетпақдаланы емес, Сахараны көбірек таниды. 1956 жылы оның «Қанатты сыйлық» повесіне «Қазақфильм» киностудиясы балаларға арналған көркем фильм де түсірді. Тіпті Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің желісімен түсірілген Абдолла Қарсақбаевтың фильмі Канн фестивалінде жүлдеге ие болды. Осы аталған туындылар бүгінгі Шрек пен Гарри Поттердан артық болмаса, кем болмас. Біздің алдамшы емес, шынайы мәдени мұрамыз осы!

Бүгінгі күні біз неге жеттік? Шыңғыс ханмен туыстығымызды дәлелдеуге ұмтылғанымызға ма? Қазақ халқы үшін бұл жаңа заманның жетістігі емес, себебі қазақтар бұрыннан-ақ өз ата-тегін ұмытпаған! Әлде мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын «Қазақстандықтардың» санының өсуін мәдени жетістігіміз деп есептеуіміз керек пе? Түк те! Тіпті африкалық тайпалардың адамдары өз ана тілдерін ұмытпай, әлі күнге шейін сол тілде сөйлейді. Ал кейбіріміз оларды жабайы деп менсінбейміз де. Сонда олардың өз мәдени туындыларын сақтай алмағаны ғана үшін бе? Әзербайжанда базарда сауда-саттықпен айналысатын орыстардың өзі әзер тілінде сайрап тұрады екен. Еш елде жоқ тіл мәселесі бар біздің елде бұл бөлек әңгіме.

Әрине, қазақ тіліндегі балалар әдебиетінің шедеврларын сақтау қажеттілігін бәріміз түсініп отырмыз. Тіпті сол мақсатта көрмелер де ұйымдастырылып жатқан жоқ емес. Алайда мұндай шаралар тек үлкен қала тұрғындарының аз бөлігін ғана қамтып отыр. Ауыл-аймақтарға жетпейді де. Бәлкім ондаған жыл өткен соң үкімет ақын-жазушылардың ұрпағынан туындыларды сатып алып, көшеде тегін таратып тұрар ма екен? Әлде жетім баланың күйін кешкен қазақ кітабы тастанды болып қала бермек пе?.... Біз осы сұрақтардың жауабын уақыт еншісіне қалдырған шақта, қыздарымыз «Мақта қыз бен мысықты», ұлдарымыз «Ер Төстікті» оқымай, Шрек пен Фионаны тамашалап жүре берері сөзсіз.

30 сентября, 17:58
1784

Өмірдегі ең қорқынышты не?

... Даңқ өз аяғымен келді. Өзімшіл, сұлу әйелдей өзінен басқаны ұмыттыруды, өзінен басқа ешкімді сүймеуді талап етті...

Төлен Әбдіков, „Тозақ оттары жымыңдайды„

Аяймын... Қатты аядым. Өзімді орнына қойып қарап едім, төзе алмайды екем. Өзімшіл екен деп ойлап едім, олай емес екен. „Адамның„ қаншалықты қорқынышты екенін біле тұра, қорлықтың барлығын адамнан көре тұрып, адамға көмек көрсету, өмірін құтқару...

Адамзатқа тигізген еңбегі орасан зор болғанымен, тұтас бір тайпаның атын шығаруға батылы бармады. Тіпті тайпаның соңғы адамы ретінде өзін санамады да. Қорқақ қояндай тасада тығылды. Сырын ешкімге ақтарғысы келмеді. Жан жарасын түсінер оның досы да болмады. Жалғыздықпен ғана дос болды.

Кейіпкердің жан азабы оның рухани мүгедектенуіне ұласты. Барлық дене мүшелері сау болса да, мүгедек болып қалды. Өзге адамдардың ауруының емін тапқанымен, өзінің ауруының емін таба алмады. Іздегісі де келмеді...

Аядым... Рухани мүгедектіктен қорқатын болдым. Бұрын барлығының менен теріс айналып кетуінен қорқатын едім. Ал енді... Жалғыздықтан да, өлімнен де емес... Содан ғана қорқамын...

... Кейбіреуі өмірдегі ең қорқыныштысы адам деп есептейді. Ал сіз ше? Сіз неден қорқасыз?

2 февраля, 21:03
742

Мүсін...

Бәрімізді тас қараңғы бөлмеге кіргізді. Бір шамның да жағылмағанын қарасаңшы!

Бөлме іші құбыжықтардың мүсініне толы. Әрқайсысының екі көзі бар. Сол екі көз саған тесірейіп қарағандай болады. Денем түршігіп кетті. Арыстан терісін жамылған кісі артымнан келіп, шошытпай ма? Ай, жүрегім-ай, орныңда екенсің ғой әйтеуір. Мына құбыжықтың қасына суретке түссем бе екен, ә? "Арыстан ағай, мені суретке түсіріп жібересіз бе", - деп едім, Арыстан ағай мені шошытқанын ұмытып кетсе керек, танымағандай жанымнан өтіп кеткендай-ақ?! Арыстан ағай, ағай, а-ғай?...Бір кезде "Әкел, мен түсірейін" деген дауыс естілді. Артыма қарасам, сөйлеп тұрған құбыжық екен. Тіпті құбыжықтың өзі де емес, мүсіні...

 

жәй, қиял
23 октября, 14:37
788

Маған бәрібір...

 

"Мейлі жер сілкінсін, сел бассын, мейлі күн күлімдеп, ай толсын, маған бәрібір!" дейтін адамдарға бір нәрсені түсіндіру, ұқтыру қиынға соғады. Себебі, оларға бәрібір. Жерде өлік жатса, жанынан айналып өте беретін, жап-жас сәби анасымен бірге аштан-аш көшеде қонып жүрсе, қол ұшын бермек түгіл, бір сәт болса да жаны ашымайтын заман ғой. Тіпті заман сондай емес, адамдар осындай дер едім. Жеке басының аман-саулығынан басқа еш нәрсе оларға қызық емес, қызықтырмас та. "Қоғам", "адам" деген ұғымдарды жай ғана сөз ретінде қабылдай алатын, сол сөздің астарында сан қилы тағдыр, сан алуан өмір жатқанынан беймәлім адамдар ғой олар. Бір адамның бойына осыншама зұлымдық, рақымсыздық, немқұрайлылық, мейірімсіздік қайдан ғана жинала қалады?

Осыдан бірнеше ай бұрынғы болған жағдай есіме түсіп отыр. Троллейбуста келе жатқан болатынмын. Аялдамадан таныс қыздар мінді, тұтас екі мың теңгелері ғана бар екен. Жүргізушіге барып уақтата алмай қойды, ешкімде жоқ екен. Көліктің ішінде билет тексерушілер болды. Аз уақыттан кейін тексере бастады. Айтпақшы, елу теңгемді бір тексерушіге уақтатып алған болатынмын. Кезек ана қыздарға келді, олар әлі төлеген жоқ, тексеруші байланды да қалды.  Жағдайды түсіндірмек болған  қыз жылап, жүргізушіге барды, жүргізуші орыс апай „я обязана что ли„ деп шықты. Тексеруші қыздардың билетін тартып алған, "Маған бәрібір! Түс! Айыппұл төлейсің!" деп зекірді. Әрине, бір жағынан, ол - тексерушінің жұмысы. Ал екінші жағынан, адамгершілік қасиет деген болады ғой. Адамды адам түсіну деген болады емес пе? Немесе көктемнің бір күнінде жерде бүктеліп жатқан егде тартқан әйелдің қасынан үндемей өтіп бара жатқан адамдар қандай қатыгез еді? Не үшін көше бойында жатқанын сұрауға да шамалары келмейтін адамның бойындағы не деген қаніпезерлік, не деген салқындық? Кейде мас болып, жерде жатқан адамды да аяп кетесің ғой. Ал осындай жағдайдың болуына не себеп? Немесе қалтағымыздағы ақшаға, шеніміздің жоғары екендігіне сеніп жазықсыз адамның өмірімен ойнауға қандай құқымыз бар? Сол адамның ата-анасы, жанұясы, туған-туыстары бар ма, жоқ па, оларға бәрібір. Тек өзін ғана ойлайтын адамдарды түсіне алмаймын. Жігіттер бейкүнә пәк қыздардың абыройын айрандай төккенде не ойлайтынын түсінер емеспін. Өзінде дәл сондай ана, әпке, қарындас бар бола тұра, қалай ғана осындай әрекетке барады? Құдды бір өзінің анасының, қарындасының ғана өмір сүруге, қатарластарымен бірге бақытты жастық шағын өткізуге құқығы бардай сезінеді. Сол жас қыздың сенің қарындасыңнан қандай кемшілігі бар? Қатыгез адамдарды осындай ойлар мазаламайтыны анық. Жеке басымызды ғана ойлап, дүниедегі адамдарға еш жанашырлық танытпай, ақша тауып жүрген жұмысымызды ғана орындаймыз деп, адамгершілік қасиеттерден жұрдай қаламыз ба деп қорқамын.

Қытай философы Мэн Цзы адамдардың өзгеруін объективті жағдайлармен байланыстырған: "Астық бітік шыққан жылдары жас адамдардың көбі рахымшыл, ал аштық жылдары - мейірімсіз болады", - дейді. Жанталасқан мына заманда жүрегіміз зілге толып, қара түнекке айналса, жағдайымыз не болмақ? "Маған бәрібір" деген түсініктен айырылу адамның жеке санасына ғана байланысты деп ойлаймын. Бәріміз адам болғандықтан, қателеспей, түзеле алмаспыз. Сен түсінбеген, түсінуге тырыспаған әлгі адамның жағдайы өз басыңа айналып келмесіне кім кепіл? Жеке тұлға, адам ретінде өзім сияқты адамның тағдырына бей-жай қарауым дұрыс емес деген ой жадымыздан шықпаса болғаны. Абай айтпақшы, "Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп"...

Дүниеде, қоғамда болып жатқан осындай жағдайлар мені селт еткізеді. Себебі, сол қоғамның бір бөлшегі емеспін бе мен? Маған бәрібір емес. Ал сізге ше?...

 

 

 

 

 

17 октября, 15:25
917

Өлмегенге не жетсін, өлмегенге!...

Қайтер едік өмірге келмегенде,

Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде.

Төземіз ғой, қайтеміз төзбегенде,

Көлден тамшы бұйырмас шөлдегенде...

Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған осы әнді Шымкенттегі көзі нашар көретін балаларға арналған "Үміт" мектеп-интернатының тәрбиеленушілері, туғанынан зағип үш баланың орындауында естігенде көзім жасқа, көңілім мұңға толды. Жүрегің тас, сезімің саз болмаса, бұл өлеңді тебіренбей тыңдау мүмкін емес.

Аталмыш әнді мына жерден тыңдауға болады.

Жаратушы Сапарбай, Азат, Тұрар есімді қазақтың үш ұлына көру қабілетін бермесе де, өнерден айырмапты. Ақиық ақын Мұқағалидің сөзіне, әуесқой сазгер Садық Қанаттың әніне жазылған осынау ән көптеген жүлделерге ие. "Сәттің" серілері режиссер Руслан Байтөлешовтың "Тағдыр" атты фильміне де түсіп, өздерін сомдап шығыпты.

Әркім өзінің қамын ойлап, жанталасқан мына заманда балалардың дарынын байқап, қол ұшын берген арда азаматтардың барына қуанамын. "Сәт" триосының бағындырар белесі әлі алда екеніне кәміл сенемін. Оғландарымыз ойнақтап, әлі талай бәйгеден озып шығары сөзсіз. Жүректен шыққан ән қашанда жүрекке жетеді...

 

13 сентября, 20:17
954

„Жәй эстафета„

Өмір туралы

Адам баласын өз илеуінде тербеп, оны бала күнінен айналасына қызыға қарауға, қоршаған ортасының қуаныш-қайғысын жүрегімен сезіне білуге үйретеді. Кейде көңіліңе жақын емес түрлі жағдайларды сырттай бақылауға тура келеді. :( Бірақ есейе келе өмір ысылтады.

Уақыт туралы

Абай атпақшы, мен де „Қолымды мезгілінен кеш сермеймін„. Дер кезінде жұмыстарымды бітірмеймін де, кейін уақытты кері бұрғым-ақ келеді. Бірақ, мүмкін емес...

Отбасы туралы

Отбасы мүшелерінің ара қатынастарында шынайылық, сенім болу керек деп ойлаймын. Бұлар болмай, „идеал„ отбасы болып көрінудің қажеті жоқ.

Ақша туралы

Ақша табуды үйренген жоқпын әзірге. Ақшаға қатысты түсінген нәрсем: ақша - су.

Достар туралы

Достарым көп демей-ақ қояйын. Бірақ бәрі арманына жетсе деймін.

Арман туралы

Арман - жаны тілектің, жансыз тілек болмайды. (Ж. Молдағалиев) Шамадан тыс арманшылмын....

Жұмыс пен хобби туралы

Екеуін де ұнатсам болғаны. Кейінгі кездері хоббиім - аспаздық. Бірақ оның жұмысыма айналғанын қаламас едім.

Ұстаным (принциптер) туралы

Көп деп айта алмаймын. Өтірік айту, алдау, екіжүзділік, жағымпаздық дегендерді жаным жек көреді. Бойымды сондай қасиеттерден аулақ ұстауға тырысамын.

Ақылға сыймайтын әрекеттер (О безумствах)

Осыдан үш-төрт жыл бұрын... Интернат... 310-бөлмеде... Светтің включателін ашып, бір жағын қосып, екінші жағын сөндіріп, Есақаның (завинтернат) жүргеніне қарамастан магнитофон қосып, ұсталдым. („Атың шықпаса - жер өрте„.) Бүкілинтернаттық жиналыстың себепшісіне айналдым. :) Ақылға сыймайтыны, бүкіл интернат солай өлең тыңдап жүрсе де, менің ұсталып тұрғанымды айтам!

P.S. Мен туралы жиналыста әңгіме болмас еді. Қасымдағы қыз „Айнұр үйретті„ дегесін, енді...солай болды. Кейін кабинетінен шықпай қойдым завинтернаттың. Допросқа шақыра береді өзі. „Говори правду, правду, и только правду„ деп. :) Бұдан өткен әрекеттер күтіп жүрген де шығар мені. Қайдам, уақыт көрсетеді.

Болашақ туралы

„Ертеңгі күнді ойлаған кезде алда тұрған түнді де ұмытпағаның жөн„ Әлішер Файз

...Ата-анам, аға-жеңгем, іні-келінім, немере-жиендерім, бәріміз бақытты отбасы болсақ деймін...

Эстафетаны Әлиядан қабылдап, Аңсарға тапсырамын. 

ойым
2 сентября, 23:42
2893

„Білім күні„ құтты болсын!

Таңертең ерте тұрып университетке бара жатқанда ақ-қара киінген оқушылар қолдарына бір-бір шоқ гүлін ұстап мектепке кетіп барады. Осыдан он екі жыл бұрын мен де қолыма ауладағы „бархотка„ гүлін целлофан мешокқа салып алып, мәз болып барған сияқты едім. Уақыт қалай тез өтеді десеңші! Бір сәт өмірімді көз алдымнан өткіздім. Yvision-дағы оқушыларды, студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын!

Бүгін сабақ  басталды. Енді 101-дегі (201) Арай бізге „104, баспа ісі„ демей, „204, баспа ісі„ дейтін болды. Университетте Білім күні деген жоқ. Келе сала сабаққа кірісіп кеттік. Осыдан үш-төрт ай бұрын таңдаған пәндерімізді сабақ кестесінен таба алмай қойдық. Куратор-Құдірет біз қиналмасын деген шығар, өзі таңдап қойыпты. „Таңдау пәні„ деп жазып қоятынын айтшиш! Сөйтіп, екінші жыл да басталды. Айтпақшы, биыл „балмұздақтар„ аз екен. Білгіштер оқудың ақысы қымбаттады деседі.

1 сентября, 20:45
1259

Ұрыдан сақтаныңыз!

Ару Алматыға оқу-білім іздеп келіп жүрген жас қыз-жігіттердің құжат тапсыратын кезі. Мектепті жаңа аяқтап, өмірдегі болып жататын әділетсіздікке көздері үйренбеген кез. Үлкен қалада, бәріне таңырқай қарап жүретін "балмұздақтарға" айтар кеңестерім бар. (Жазып отырған "перваш" стадиясынан өтіп кеткен студент)

Қазіргі кезде ұрлық көбейіп кетті. Сондай оқиғаның құрбаны болмау үшін не істеу керек?

1. Көлікке мінген уақытта ақша, қымбат бағалы заттар салынған сөмкеңізді алдыңызға алып отырыңыз. Және де қоғамдық көлікте отыратын орын болмай, тұрып тұрсаңыз, сөмкеңіздің аузын (мен сияқты ашып тұрмай) жауып, қысып ұстаңыз.

2. Әмиянды, ұялы телефонды артқы қалтаға салмаңыз.

3. Көпшіліктің көзінше ақшаңызды шығармаған жөн. Уақ, жолға деген ақшаңызды мінбестен бұрын алдын-ала дайындап қойыңыз.

4. Ұялы телефоныңыз немесе әмияныңыздың жоғын сезсеңіз - айқайлаңыз. Ұры оны жерге тастай салуы мүмкін. Немесе осы кезде орыстың "На воре шапка горит" деген мақалы еске түседі. Бірақ қайдам, ұрылардың беті қалың болады деп ойлаймын.

5. Ұялы телефоныңыз ұрланған болса, қолма-қол біреудің телефонын сұрап алып, өз нөміріңізге қоңырау шалыңыз. Егер ұры көліктің ішінде сізбен бірге келе жатса, анықтап алуға болады.

Ал енді ұрылардың түрлері өте көп. Соларға тоқталып кетсек:

1. Аялдама ұрылары. Аялдамада тұрып, телефонын, әмиянын шығарған адамның қай жерге салғанын қарап алады, мүмкіндікті аңдып тұрып, ұрлайды.

2. Көліктегі ұрылар. Олар да аялдама ұрыларына ұқсас болып келеді. Кісі көп екенін пайдаланып, сізге жабысып, қағып алады. (осындай ұрының құрбаны мен білмегенде, кім білсін)

3. Базар ұрылары. Бұлар екі адам болып жүреді. Бірі сатушыны әлденеге алдаусыратып тұрады да, екіншісі ұрлауға кіріседі.

4. Жазғыштар. Сөмкені, пакетті, қапшықты кесу арқылы ұрлайды. Қолындағы алмасты (лезвие) алып, қажет кезде тіліп жіберіп, ақшаны ұрлайды. Бұл ұрлық аса шеберлікті талап етеді. Көп ұрының қолынан келе беретін іс емес. Тәжірибені де қажет етеді. Көбіне мұндай ұрылар өз құрбанын базарлардан іздейді.

Айтайын дегенім, осындай ұрылардан, ақшаны оңай жолмен тапқысы келген адамдардан сақтанып жүріңіз. Әйтпесе, сақтап жүрген нәрсеңізді өзіңізге жарыта алмай, қызыл итке, яғни ұрыға жем боласыз.

Мұндай ұрлықтың куәсі немесе жемтігі болсаңыз, бөлісе отырыңыз. Ұрылардың түр-түрі бар ғой. Тізімді толықтыра отырайық.

 

 

24 августа, 11:34
628
  • 2
  • 1