Ару Алматыға оқу-білім іздеп келіп жүрген жас қыз-жігіттердің құжат тапсыратын кезі. Мектепті жаңа аяқтап, өмірдегі болып жататын әділетсіздікке көздері үйренбеген кез. Үлкен қалада, бәріне таңырқай қарап жүретін "балмұздақтарға" айтар кеңестерім бар. (Жазып отырған "перваш" стадиясынан өтіп кеткен студент)
Қазіргі кезде ұрлық көбейіп кетті. Сондай оқиғаның құрбаны болмау үшін не істеу керек?
1. Көлікке мінген уақытта ақша, қымбат бағалы заттар салынған сөмкеңізді алдыңызға алып отырыңыз. Және де қоғамдық көлікте отыратын орын болмай, тұрып тұрсаңыз, сөмкеңіздің аузын (мен сияқты ашып тұрмай) жауып, қысып ұстаңыз.
2. Әмиянды, ұялы телефонды артқы қалтаға салмаңыз.
3. Көпшіліктің көзінше ақшаңызды шығармаған жөн. Уақ, жолға деген ақшаңызды мінбестен бұрын алдын-ала дайындап қойыңыз.
4. Ұялы телефоныңыз немесе әмияныңыздың жоғын сезсеңіз - айқайлаңыз. Ұры оны жерге тастай салуы мүмкін. Немесе осы кезде орыстың "На воре шапка горит" деген мақалы еске түседі. Бірақ қайдам, ұрылардың беті қалың болады деп ойлаймын.
5. Ұялы телефоныңыз ұрланған болса, қолма-қол біреудің телефонын сұрап алып, өз нөміріңізге қоңырау шалыңыз. Егер ұры көліктің ішінде сізбен бірге келе жатса, анықтап алуға болады.

Ал енді ұрылардың түрлері өте көп. Соларға тоқталып кетсек:
1. Аялдама ұрылары. Аялдамада тұрып, телефонын, әмиянын шығарған адамның қай жерге салғанын қарап алады, мүмкіндікті аңдып тұрып, ұрлайды.
2. Көліктегі ұрылар. Олар да аялдама ұрыларына ұқсас болып келеді. Кісі көп екенін пайдаланып, сізге жабысып, қағып алады. (осындай ұрының құрбаны мен білмегенде, кім білсін)
3. Базар ұрылары. Бұлар екі адам болып жүреді. Бірі сатушыны әлденеге алдаусыратып тұрады да, екіншісі ұрлауға кіріседі.
4. Жазғыштар. Сөмкені, пакетті, қапшықты кесу арқылы ұрлайды. Қолындағы алмасты (лезвие) алып, қажет кезде тіліп жіберіп, ақшаны ұрлайды. Бұл ұрлық аса шеберлікті талап етеді. Көп ұрының қолынан келе беретін іс емес. Тәжірибені де қажет етеді. Көбіне мұндай ұрылар өз құрбанын базарлардан іздейді.
Айтайын дегенім, осындай ұрылардан, ақшаны оңай жолмен тапқысы келген адамдардан сақтанып жүріңіз. Әйтпесе, сақтап жүрген нәрсеңізді өзіңізге жарыта алмай, қызыл итке, яғни ұрыға жем боласыз.
Мұндай ұрлықтың куәсі немесе жемтігі болсаңыз, бөлісе отырыңыз. Ұрылардың түр-түрі бар ғой. Тізімді толықтыра отырайық.